Қазақстанда Ресейден әкелінетін құс өнімдеріне шектеу қойылды

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі құс тұмауының өршуі тіркелген ресейлік зауыттардан әкелінетін құс өнімдерін импорттауға шектеу қойды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды baq.kz.

ҚР Жұмыртқа өндірушілер ассоциациясы президенті Максим Божко Ресей Федерациясының бірқатар өңірлерінде тіркелген құс тұмауына байланысты отандық тауық етін және жұмыртқа өнімдерін өндірушілерінің жағдайымен таныстырды.

"Қазіргі уақытта қазақстандық өндірушілер тауық жұмыртқасына деген мемлекет сұранысын 100% қамтамасыз етіп отыр және өнімдерін көршілес елдерге экспорттауда. 2017 жылы Қазақстан Республикасында 5 086 471,3 мың жұмыртқа және 179 624,4 тонна тауық еті өндірілді. Отандық өндірушілер өндіріс қуатын арттыруға және Қытай нарығына шығуға дайын. Бұл үшін Қытайға тауық өнімдерін экспорттауға салынған тыйымды алып тастау бойынша көмек қажет", - дейді ол.

Максим Божко Қазақстанда құс тұмауының жағдайы бақылауда екенін айтты.

"Қазақстанның құс фабрикалары қатаң санитарлық бақылауы бар жабық кәсіпорындар болып саналады. Құстар жабық ғимараттарда өздерінің микроклиматымен қамтылған, азық термо - өңдеуден міндетті түрде өткізіледі. Жабайы құстармен байланысы жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанда өндірілген жұмыртқа мен құс етінен келер қауіп жоқ", - дейді ол.

Сондай-ақ, Максим Божко үй жұмыртқасынан гөрі құс фабрикасында өндірілетін жұмыртқаны тұтыну дұрыс екенін, себебі ол жерде өндірілген жұмыртқалар тиісті тексерістен уақытылы өтетінін айтты.