Отандық құс өнімдерін сатып алуға үш себеп – маман
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Жұмыртқа өндірушілер ассоциациясы президенті Максим Божко Қазақстандағы құс фабрикаларында құс тұмауы тіркелмегенін, сол себепті елімізде өндірілген құс еті мен жұмыртқасын тұтыну қауіпті емес екенін айтты.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі құс тұмауының өршуі тіркелген ресейлік зауыттардан әкелінетін құс өнімдерін импорттауға шектеу қойғандықтан, қазақстандық өндірушілерге көрші мемлекетте белең алған індеттен залал келген жоқ.
"Көрші мемлекеттерден келген тауық етін сатып алатын тұтынушылар бар. Олардың өнімдері отандық тауық етіне қарағанда арзандау шығар, бірақ ол ет 15-30% аралығында сумен толтырылған болуы мүмкін. Тауық еті емес, су үшін ақша төлегіңіз келмесе, отандық тоңазытылған құс етін алуға кеңес берем", - дейді ол.
Сондай-ақ, Максим Божко не себепті тек отандық құс өнімдерін тұтыну керектігінің үш себебін айтты.
Оның айтуынша, отандық құс фабрикаларындағы етті тиісті мекемелер тексеріп отыратындықтан, әрдайым сапалы және қауіпсіз. Шетелден келетін құс етінде шығарушы мемлекеттің ветеринарлық сертификаты болғанымен, Қазақстан тарапынан қосымша тексерілмейді.
"Екіншіден, құс фабрикасы еліміздің барлық өңірінде бар деуге болады. Отандық құс фабрикаларының тоңазытылған етін сатып алғанда жаңа сойылған ет екеніне сенімді боласыз. Өйткені тоңазытылған тауық етінің жарамдылық мерзімі - 5 тәулік қана, сондықтан тоңазытылған тауық етн шетелден әкелу мүмкін емес. Үшіншіден, біздің құстар экологиялық таза жеммен өсіріледі, сондықтан оның өнімі сапалы әрі пайдалы болады", - дейді ол.
Отандық құс өнімдері бәсекеге қабілетті және ресейлік, беларусиялық өнімдерден сапасы жағынан да, бағасы жағынан да қалыс қалмайды.