Нәзік жандыларға өзін-өзі қорғауды үйретеді
11.09.2018 г.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда соңғы үш жыл ішінде 8 мыңнан аса нәзікжанды зорлық-зомбылықтың құрбаны болыпты. Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында әйелдерге қатысты жасалған түрлі қылмыстарды жариялау жиілеп кетті. Нәзік жандыларды өздерін қорғауға үйретуді көздеген Capital Project LTD компаниясы таяуда азаматшаларға арнап қорғану жүйелерін үйрететін тегін курстар ашты.
Астана қаласында алғашқы сабақтары басталып кеткен курс әлі бір айға созылмақ. Осы уақыт ішінде нәзікжандылар өзін-өзі қорғаудың негіздерімен танысады. Жаттығушыларға өзін-өзі қорғау мен қол күрестеріне арнап жеке мектеп ашқан нағыз кәсіби маман, тәжірибелі шеберлерді де көп жылдан бері оқытып келе жатқан жоғары санатты бапкер Серік Рысбай тәлімгер болады.
Серіктің айтуына қарағанда, жоба аясында өзіндік экспресс-курсты құру басты міндет саналды. Шабуылды қыздар тек қылмыстық хроникалардан ғана біледі деген Серік Рысбай сабақты ең алдымен теориядан бастауды жөн көріпті. Содан кейін ғана тәжірибеге көшуді ұйғарған.
– Шабуыл дегеніміз –тұтқиылдан болатын жағдай. Аффект, яғни долданған, ашу қысқан сәттегі адамның жай-күйіне тоқтала кетсек, ол есінен адасып, қызбалықпен не істеп, не қойғанын білмей қалады. Бірақ сіз қорғанудың әдістерін білетін болсаңыз, қауіп төнген кезде шабуылдаушыға залда үйренген тәсілдеріңізбен қарымта соққы бере аласыз, – дейді бапкер.
Ол курсқа көбіне зорлық-зомбылықты бастан кешкен әйелдер қатты қызығушылық танытатынын атап өтті. Мысалы, келген бір келіншекті күйеуі әрдайым ұрып соға бергендіктен, жарынан кетіп қалған көрінеді. Алайда әрдайым қорқынышпен өмір сүруден жалыққан ол осында қайырылыпты.
Бапкер өзін-өзі қорғау курстары бүгінгі таңда қызығатын іс қана емес, сонымен қатар өмірлік қажеттілік екендігіне сендіреді. Сондықтан ол қорғану тәсілдерін меңгеру әйелге ерсі көрінеді деу қате пікір екендігін алға тартады.
Ата-аналар қыздарын тек би, фитнес, гимнастикаға баулумен қоса, өз-өзін қорғауға да үйреткендері абзал. Басқа-басқа, қиын сәтте өмірді осындай өнер сақтап қала алады, – дейді маман.
Тегін курстардың тыңдаушылары «Курочка Ряба» брендінің әлеуметтік желілері арқылы іріктеліп, 50-ден аса өтініш келіп түскен. Түрлі жағдайларға байланысты кейбіреулері бас тартып, соңында 15 адамнан тұратын бірінші топ жасақталды. Ең жасы –20, ең үлкені – 48 жаста.
Сабаққа қатысарда әр қыздың өзіндік себебі болыпты. Мәселен, 31 жасар Ильмира бір серіктестіктің қызметкері: «Кез келген сәтте қиындыққа тап болуымыз мүмкін, ол қандай да бір ғимаратта демалып жатып-ақ немесе би клубында болып қалуы да ғажап емес», – дейді. Ильмираға көптеген қызықты әдістерді үйрену ұнаған. Қатысушылар әсіресе аяққа шап беру, тізеден тебу, қолын көкірек тұста ұстап қалу сияқты тәсілдерге баса назар аударған.
34 жастағы Нағима есімді мемлекеттік қызметкер жауынгерлік өнерге қызыққанымен, еш уақытта онымен айналыспаған. Осындай мүмкіндік туғанына дән риза. Ол өзінің курсқа жазылуына ең алдымен тегін болғандығы әсер еткенін де жасырмады. Нағиманың табысының негізгі бөлігі ипотека, пәтерақы, ішім-жем, киім-кешек сияқты қажеттіліктерге жұмсалатындықтан, басқалар тәрізді спортқа, өкінішке қарай, әр кез ақшасы жете бермейді. Нағима жаттығулар барысында қыз-келіншектер қарсыласы ер кісі болса да әлсіздік танытпауы тиістігін түсінген.
30 жастағы бухгалтер Анар үшін сабақтар өзіне деген сенімін арттырып, нәтижесі жақсара түскен. Ал оның күйеуінде қорқыныш сезімі пайда бола түсті ме, Анардың жетістіктеріне онша қуана қоймапты.
Әмина, 25 жаста, заңгер, өмір бақи есінде қалған бір жайтпен бөлісті. Студент шағында сабақтан келе жатып жігіт пен қыздың ұрысына куә болып қалыпты. Іс насырға шапқанда маңайында тұрған ер адамдар көмектеспеген екен. Ондай жағдайда саған біреу көмектесе ме, жоқ па білмейсің, әрқашанда өз-өзіңді қорғай білудің маңызды екеніне көзі жеткен.
Жаттығулардан 26 жастағы Айсұлу есімді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі де керемет әсер алған. Курстар оған сенімділік бере отырып, ерекше көңіл-күй сыйлағандығын айтады. Жұмыстан қайтқанда да күш-жігерлі болып қайтатынын да жасырмады.
«Курочка Ряба» құс фабрикасының басшысы Максим Божко халықты қорғауға арналған мұндай жобалардың маңызы зор, ал бұл тұрғыда қазақстандық кәсіпкерлер де шет қалмау керек деп есептейді. Өзін-өзі қорғаудың тегін курстары – толығымен коммерциялық емес жоба және компания алдағы уақытта оның географиясы мен ауқымын кеңейте түсуді жоспарлап отыр.
Біздің бастаманы басқа да әлеуметтік бағыттағы брендтер қолдап, республика көлемінде мұндай мектептердің тұтас желісін құра аламыз деп ойлаймын. Ешкім алда не тұрғанын білмейді, дегенмен қауіп төнген сәтте меңгерген әдіс-тәсілдеріміз тағдырымызды шешуі ғажап емес қой. Құдай басқа салмасын, әрине, бірақ ертең кімде-кім ойламаған жағдайға тап болса, курста алған біліктілігі біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалса – тамаша емей немене?! Демек, мұның расымен-ақ мәні зор. Еліміздің нәзікжандылары да өздерін қорғай білуге құқылы, – деді Максим Божко.